Келешек ұрпаққа қамқорлық
2026-10-15 11:35:00 / Янгиликлар
Ұстаз үшін шәкірттерінің сапалы білім алып, заманауи технологияларды меңгеріп, жарқын болашаққа нық қадам басқанынан артық бақыт жоқ. Сондықтан Үшқұдық ауданындағы №2 мектепте оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасау, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту — біз үшін әрдайым басты мақсаттардың бірі.
2024–2025-оқу жылында «Ашық бюджет» («Open Budget») жобасына «Жасыл алаң» стадионын ұсынып, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен белсенді қолдауының арқасында жеңіске жеттік. Бұл ел болып жұмылсақ, алынбайтын асу жоқ екенінің айқын дәлелі.
Ал 2025–2026-оқу жылында тағы екі электронды тақта ұтып алдық. Сонымен қатар, мектебіміздің 35 жылдық кездесуіне арнайы келген бұрынғы шәкірттерім бір электронды тақтаны сыйға тартты. Туған мектебін ұмытпай, оның дамуына үлес қосып жүрген шәкірттеріңді көру — ұстаз үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш.
Биыл да «Ашық бюджет» («Open Budget») жобасы аясында үш электронды тақта ұтып алуды мақсат еттік. Алайда қажетті дауыс жинау оңайға соқпады. Жеңіске жету үмітімен көршілес Құлқұдық ауылына да барып, тұрғындардан қолдау сұрадық. Дегенмен, жинаған дауысымыз межеге жетпеді.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз бар. Осындай сәтте Жоғарғы Кеңес депутаты Иба Кушжанованың қолдауының арқасында үш электронды тақтаға қол жеткізуге мүмкіндік туды. Бұл, Ұшқұдық ауданындағы №2 мектеп үшін үлкен қуаныш, оқушыларымыз үшін бағалы сый.
Осы орайда игі іске қолдау білдірген Иба Кушжановаға шынайы алғысымызды айтамыз! Сондай-ақ, бізге қолдау көрсетуге ниет білдіріп, жылы қабылдаған Құлқұдық ауылының азаматтарына да ризашылығымыз шексіз.
Құлқұдық ауылына барған сапарымызда ауыл тұрғындарымен жүздесіп, оларды еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толуымен құттықтадық. Домбырамен ән шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қайттық. Осындай жүздесулер ауылдар арасындағы сыйластықты арттырып, ел бірлігін нығайта түсетіні сөзсіз.
Біз үшін электронды тақталар — жай ғана заманауи құрал емес. Бұл — сабақ сапасын арттыруға, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятуға және олардың жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашатын маңызды мүмкіндік.
Ел болып жұмылғанда алынбайтын асу жоқ. Бірлігіміз бекем, ниетіміз ортақ болса, Үшқұдық ауданындағы №2 мектеп оқушыларының болашағы үшін әлі талай игі істің жүзеге асатынына сеніміміз мол.
Мерген Торешов,
Үшқұдық ауданындағы №2 мектеп директоры.
